Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев пен Катар Әмірі шейх Тамим бен Хамад әл-Танидің Ташкенттегі кездесуінде Катар тарапы Трансауған темір жолының құрылысы жобасына толық қолдау білдірді.
Кездесуде екі ел арасындағы саяси диалогты одан әрі нығайту, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.
Өзбекстан Мемлекет басшысының Өзбекстанда БҰҰ қамқорлығымен өңірлік сыбайлас жемқорлыққа қарсы орталық құру туралы бастамасы қолдау тапты.
Көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту жолдары қарастырылды. Атап айтқанда, Катар тарапы Трансауған темір жолының құрылысы жобасына толық қолдау білдірді.
Айта кетейік, ұзындығы 600 шақырымға жуық Термез-Мазар Шариф-Кабул-Пешавар – Трансауған темір жолы құрылысының жобасына 2021 жылдың ақпан айында Өзбекстан, Пәкістан және Ауғанстан елдері қол қойды.
Жаңа темір жол дәлізі Еуропалық Одақ елдерін Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерімен байланыстыруды көздейді.
2021 жылдың тамыз айында Ауғанстанда билікке тәліптер келгеннен кейін қаржы тапшылығына байланысты жобаны жүзеге асыру жұмыстары баяулады.
Еске салайық, Катар Мемлекетінің Әмірі шейх Тамим бен Хамад әл-Тани желтоқсанның 19-ы күні Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиеевтің шақыруымен Ташкент қаласына жұмыс сапарымен келіп, халықаралық қоғамдастықтың сыбайлас жемқорлықпен күресудегі күш-жігерін бейнелейтін ескерткіштің ашылу салтанаты мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықаралық сыйлықты табыс етудің ресми рәсіміне қатысты.




















