«Россия сегодня» медиа тобының бас директоры Дмитрий Киселев АҚШ президенті Джо Байденмен сұхбаттасу үшін өтініш жіберді.
The Moscow Times басылымының хабарлауы бойынша, Дмитрий Киселев өтінішін «Ақ үйге» жолдағаны туралы «Россия 1» телеарнасының «Вести недели» бағдарламасында хабарлаған.
Дмитрий Киселевтің пікірінше, Владимир Путиннің америкалық журналист Такер Карлсонмен сұхбатынан кейін АҚШ президенті Джо Байденнен сұхбат алынса бұл оқиға журналистика мен саясат тарихында қалары анық.
Ресейлік журналисттің «Ақ үйге» жолдаған хатында «Россия сегодня» медиа тобының бас директоры, «Россия 1» телеарнасындағы рейтингі жоғары «Вести недели» бағдарламасының жүргізушісі ретінде Джо Байденмен сұхбат жүргізуді жоспарлап отырғаны айтылған.
Сондай-ақ, Дмитрий Киселев Ресей президенті Владимир Путиннің Такер Карлсонмен сұхбатқа келісіп, лайықты үлгі көрсеткенін атап өткен.
Сұхбаттасқаннан кейін сұхбатты шет тілдеріне аударып, РИА Новости Telegram арнасында, Ria.ru сайтында, сондай-ақ Ресей мен әлемдегі көптеген медиа платформалары мен әлеуметтік желілерде тарату жоспарлануда.
Еске сала кетсек, америкалық журналист Такер Карлсон Мәскеуге арнайы келіп, 7 ақпан күні Ресей президенті Владимир Путиннен сұхбат алды. Сұхбаттың толық нұсқасы 9 ақпан күні жарияланды. Енді Ресей тарапынан сәйкес сұраныс «Ақ үйге» жіберіліп отыр.



















