Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі Дэвид Кэмерон Орталық Азия елдеріне баруды жоспарлап отыр.
News Central Asia агенттігінің хабарлауынша бұл туралы Дэвид Кэмерон 5 наурызда өткен парламенттік пікірталастарда мәлімдеді. Дэвид Кэмерон сөйлеген сөзінде бүкіл әлем бойынша альянстар мен серіктестіктер желісін өрістету жоспарланғанын айтты.
Ұлыбритания СІМ басшысының айтуынша, Орталық Азия елдері — көп нәрсеге қол жеткізудегі негізгі секторлардың бірі. Осы тұрғыда Дэвид Кэмерон Орталық Азияға баруды жоспарлап отырғанын хабарлады.
Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі сапар барысында Орталық Азия елдерінде өнеркәсіп пен бизнес салаларын және білім беру мекемелерінің білікті өкілдерімен дөңгелек үстел өткізетініне тоқталды.
2023 жылдың қараша айында Ұлыбритания парламентінің сыртқы істер комитеті Орталық Азия елдерінің ахуалы сипатталған «Жолайрықтағы елдер: Ұлыбританияның Орталық Азияға бет бұруы» атты баяндамасын жариялады.
Парламентте ұсынылған Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстанның ерекшеліктері егжей-тегжейлі сипатталған баяндамада Ұлыбритания үкіметінің Орталық Азия елдерімен өзара іс-қимылды арттыру қажеттігі айтылған.
Баяндамада Ұлыбритания мен Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан үкіметтері арасындағы қазіргі қарым-қатынастардың әлсіздігі сыналды.
Сондай-ақ, комитет Ұлыбритания билігін Ресей мен Қытайдың ықпалына белсенді түрде қарсы тұруға шақырды.
Соңғы уақытта АҚШ пен Еуропа Одағының Орталық Азия елдеріне деген қызығушылығы артқанын байқауға болады.
Бес елге Батыстың жоғары лауазымды саясаткерлері мен дипломаттары жиі келуде. Орталық Азияға келуші Батыс өкілдері сапарларында экономика, экология, энергетика және қауіпсіздік салаларындағы мәселелер жөнінде пікір алмасуда.
Осылайша, Орталық Азияға деген қызығушылықтың артуы негізінде «С5+1» форматындағы диалогты Ұлыбритания Үкіметі де өткізуге шешім қабылдап, 2024 жылы Орталық Азия елдерінің СІМ басшыларының қатысуымен «С5+1» форматында алғашқы рет саммит өткізетінін мәлімдеді.
Бұған дейін, БҰҰ Бас ассамблеясының 78-ші сессиясы аясында Орталық Азия елдерінің президенттері АҚШ президенті Джо Байденмен «С5+1» форматында кездескен болатын.



















