Жапония үкіметі осы жазда Орталық Азияның бес елі — Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстанмен кездесу өткізуге дайындықты бастады.
Еуразия Тудейдің Kyodo агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, қазіргі таңда Жапония үкіметі Қазақстанда тамыз айында кездесу ұйымдастыру нұсқасын пысықтауда. Нақты кесте кейінірек бекітіледі. ОА5+1 форматында өтетін шараға Жапония атынан осы елдің Премьер-министрі Фумио Кисида қатысады. Тараптар бірінші кезекте экономикалық ынтымақтастықты талқылайды деп күтілуде.
Жапония 2004 жылдан бастап СІМ басшылары деңгейінде Орталық Азияның бес елімен тұрақты кездесу өткізіп келеді.
Биыл бұл форматқа 20 жыл толады және осыған байланысты тараптар басқосу форматын саммит деңгейіне дейін көтеруге ниетті.
Eurasian Times басылымы «Жапония — Орталық Азияда ойыншы болуға үмітті жаңа кандидат. Жапонияның Орталық Азия елдерімен байланыс тарихы тым тереңде жатса да, Токио қазір бұл елдер үшін жаңа үміткер, жаңа ойыншы», — деп жазды.
Орталық Азия елдерінің жер асты және жер үсті қазба байлықтарының мол қоры көптеген елдер үшін маңызды фактор болып табылады. Орталық Азия елдерімен байланыс орнатуға ниет білдіріп отырған жалғыз Жапония емес. Орталық Азия елдеріне қызығушылық танытушылар қатарында АҚШ, Түркия, Қытай, Еуропалық Одақ елдері, соның ішінде Германия мен Франция да бар.
Соңғы кездері АҚШ пен Еуропалық Одақтың да Орталық Азия елдеріне деген қызығушылығы артқаны белгілі. Бес елге АҚШ пен Еуропалық Одақтың жоғары лауазымды саясаткерлері мен дипломаттары жиі келіп, экономика, экология, энергетика және қауіпсіздік салаларындағы ынтымақтастық тақырыптарын талқылауда.



















