Еуропалық Одақ елшілері Киевке әскери көмекке қосымша 5 млрд еуро бөлу жөнінде шешімге келді.
ТАСС ақпарат агенттігінің хабарлауы бойынша, бұл туралы шешім бір айға созылған талқылаулардан кейін белгілі болып отыр.
ЕО елшілерінің Украинаға әскери көмек ретінде бөлген бұл қаржысын 18 наурызда Еуропалық Одақ сыртқы істер министрлері Брюссельде өтетін отырыста бекітуі қажет.
Бельгия төрағалығы кеңесте ЕО-ның 27 мемлекет елшілерінің биылғы жылы Украинаға қару-жарақ жеткізу үшін қосымша 5 млрд еуро бөлуге түбегейлі келісімге келгенін X (бұрынғы Twitter) желісінде мәлімдеді.
Келісімді Бейбітшілік қорын кеңейту жобасын әзірлеуші ЕО дипломатиясының басшысы Жозеп Боррель бірден құптап, X желісінде Еуроодақтың Украинаға қажет нәрсенің бәрімен қамтамасыз етуге ниетті екенін жазды.
Еуропалық Одақтың Бейбітшілік қоры Ресейдің Украинаға басып кіруіне дейін құрылды. Қор көлемі 2021-2027 жылдар аралығында 5 млрд еуроны құрады. Соғыс басталғаннан кейін қор көлемі 12 млрд еуроға дейін жетті.
Сол қордан 5 млрд қаражат Киевке көмек ретінде бөлініп отыр.
Жалпы алғанда, Еуропалық Бейбітшілік қоры арқылы Украина шамамен 6,1 млрд еуро көлемінде көмек алды. Алайда, соңғы айларда қорды реформалау туралы көптеген пікірталас болды.
1 ақпанда Еуропалық Кеңестің басшысы Чарльз Мишель Украинаға 2024 -2027 жылдар аралығында 50 миллиард еуро көлемінде жоспарланған қаржылық көмек бөлуге келісті деп хабарлады. Алайда, желтоқсан айында қабылдануы керек болған шешімге Венгрия қарсылық танытты.



















