«Жібек жолының жауһары» ХV Ташкент халықаралық кинофестивалі аясында түркітілдес елдердің кино өкілдерінің қатысуымен алғаш рет «Бауырластық өнері» форумы өтті.
Аталмыш шараға, Өзбекстан Республикасының Мәдениет министрі Озодбек Назарбеков, Кинематография агенттігінің бас директоры Фирдавс Абдухоликов, Түрксой ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев, Әзірбайжан Мәдениет министрінің кеңесшісі Орхан Фикретоглу, Түркия Мәдениет және туризм министрлігі жанындағы Кино департаментінің бас директоры Эркин Йылмаз, сонымен қатар бірқатар кино өнерінің өкілдері қатысты.
Форум барысында сөз сөйлеген қатысушылар Ташкент халықаралық кинофестивалі түркітілдес елдердің кино өкілдері арасындағы шығармашылық қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға кең жол ашқанын атап өтті.
Форумда Түріксой халықаралық ұйымына мүше елдердің үздік киногерлерін марапаттау рәсімі өтіп, онда Қазақстанның халық әртісі, актер, режиссер, театр майталманы Тұңғышбай Жаманқұлов Түріксой ұйымының сыйлығымен марапатталды.
Форумның жалғасы концерттік бағдарламаға ұласып, онда түрік әншісі Айла Челик, Қырғыз Республикасының халық әртісі Бек Борбиев, Өзбекстанның халық әртісі Жеңісбек Пиязов, әзірбайжандық әншілер Талиб Теле, Зейнеп Хасенлидің орындауындағы әндер қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.



















