Бүгін, 14 ақпан күні Бішкек қаласында ЕО мен Орталық Азияның Ауғанстан бойынша арнайы өкілдерінің 5-ші кездесуі өтеді.
Бұл туралы ЕО-ның Қырғызстандағы өкілдігі хабарлады.
Еуропа Одағының Орталық Азия жөніндегі арнайы өкілі Тери Хакала мен Ауғанстан жөніндегі арнайы өкілі Томас Никлассон Бішкекке келді.
Мәліметке қарағанда, олар осы елдің билік өкілдері және азаматтық белсенділерімен кездеседі.
Қырғызстан Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, келіссөздер барысында Ауғанстандағы есірткі саудасы мен халықаралық терроризмге қарсы күрестегі жағдай туралы сараптамалық пікір алмасу жоспарлануда.
Бұның алдында халықаралық Human Rights Watch ұйымы шетелдің Ауғанстанға көмегі азайғанын, елде денсаулық сақтау жүйесі қиын жағдайға тап болғанын хабарлаған болатын.
Айта кетсек, Ауғанстан бойынша ЕО мен Орталық Азия форматындағы кездесулер бұған дейін 2021 жылғы мамыр айында Алматыда, 2021 жылғы қараша айында Ташкентте, 2023 жылғы қаңтарда Брюссельде, 2023 жылы мамыр айында Ашхабадта өтті.



















