19 шілде күні Ташкенттегі фотография үйінде Халықаралық түркі мәдениеті ұйымына (TURKSOY) мүше елдердің фотосуретшілері туындыларына арналған көрме өтті.
Аталмыш көрмеге Өзбекстан Республикасының Мәдениет министрінің орынбасары Баходир Ахмедов пен TURKSOY халықаралық ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев және бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері мен жалпы жұртшылық қатысты.
Көрме аясында Өзбекстанның бай мәдени және туристік мүмкіндіктерін таныстыру мақсатында шараға арнайы келген TURKSOY-ға мүше елдердің өкілдері үшін саяхат ұйымдастырылды. Көрмеге қатысушыларға арнайы Өзбекстан туралы ауқымды ақпараттық және медиа контент ұсынылды.
Көрмеге келген 14 мемлекеттің фотосуретшілері жергілікті жердің этнографиялық әдет-ғұрыптарын (үйлену рәсімдері, ұлттық ойындар және т.б.), ұлттық музыкалық өнер орындаушыларының, фольклорлық және би ұжымдарының қатысуымен өткен концерттік бағдарламаларды тамашалап, суреттерге түсірді.
TURKSOY фотографтар кездесуі 2004 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді.


















