Иран Сыртқы істер министрі Хоссейн Амир Абдуллаһиан Израильдің Дамасктегі Иран Ислам Республикасы Елшілігінің Консулдық ғимаратына жасаған әуе шабуылын барлық халықаралық міндеттемелер мен конвенцияларды бұзу деп атады.
Евразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Сирия Сыртқы істер министрі Фейсал Мақдад Израильдің Дамаскідегі Иран Ислам Республикасы Елшілігінің Консулдық ғимаратына жасаған әуе шабуылынан кейін Иран Сыртқы істер министрі Хоссейн Амир Абдуллаһианмен сұхбаттасты.
Екі елдің Сыртқы істер министрлері телефон арқылы сұхбатта Израиль іс-әрекетінің әртүрлі аспектісін талқылады.
Әңгімелесу барысында Сирия Сыртқы істер министрі Израильдің шабуылдарын қатаң айыптап, оны халықаралық ережелерді, әсіресе 1961 жылғы дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясын өрескел бұзу деп атады.
Амир Абдуллаһиан Сирия Сыртқы істер министріне Дамасктегі Иран Ислам Республикасының Елшілігінде болғаны үшін алғыс айтып: «Нетаньяху Израиль режимінің Газа секторындағы кезекті жеңілістері мен сәтсіздіктері және мақсаттарына қол жеткізе алмауына байланысты психологиялық тепе-теңдігін толығымен жоғалтты», — деді.
Абдуллаһиан Дамасктегі Иран консулдығының ғимаратына жасалған шабуылды барлық халықаралық міндеттемелер мен конвенцияларды бұзу деп атады. Ол Израильді осы әрекеттерінің салдары үшін айыптап, халықаралық қауымдастықтың мұндай қылмыстық әрекеттерге байыпты қарау қажеттігін баса айтты.
Кеше дүйсенбі, 1 сәуір күні Сирия астанасы Дамасктегі Иран консулдығының ғимаратына шабуыл жасалды. Сирия мен Иран билігі мұны Израильдің әуе соққысы деп атады. Шабуылда Иран Ислам революциясы Сақшылар корпусының жеті мүшесі, соның ішінде екі генерал қаза тапты.

















