2025 жылы Өзбекстанның Самарқанд қаласында ЮНЕСКО Бас конференциясының кезекті 43-ші сессиясы өтеді.
Gazeta.uz басылымының мәліметі бойынша, 2024 жылғы 15 наурызда Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев ЮНЕСКО Бас конференциясының 43-ші сессиясын өткізуге дайындық туралы Қаулыға қол қойды.
Қаулы негізінде іс-шараға қатысты ұйымдастыру комитеті құрылды. Ұйымдастыру комитетін елдің Премьер-министрі Абдулла Арипов басқарады.
Құжатта соңғы жылдары Өзбекстанның ЮНЕСКО-мен ынтымақтастығы жаңа деңгейге көтерілгені айтылған.
ЮНЕСКО Бас конференциясының 43-ші сессиясы «Silk Road Samarkand» туристік кешенінде өтеді.
Сессия аясында Ташкент, Самарқанд, Бұхара, Хиуа және Шахрисабз қалаларында жоғары деңгейдегі мәдени іс-шаралар мен экскурсиялар ұйымдастырылады деп жоспарланған.
Сессияны өткізу туралы шешім 2023 жылғы 7-22 қарашада Париж қаласында өткен ЮНЕСКО Бас конференциясының 42-ші сессиясының қорытындылары бойынша қабылданды.
ЮНЕСКО Бас конференциясы екі жылда бір рет ұйымдастырылады.
Сессия барысында ұйымның бюджеті мен келесі кезеңге бағдарламалары қабылданады.



















