«Герат қауіпсіздік диалогы» атты 11-ші конференция Тәжікстан астанасы Душанбеде қарашаның 27 күні басталды.
Ауғанстанның стратегиялық зерттеулер институтының мәліметі бойынша, бұл кездесуге 25 ел мен халықаралық ұйымдардан 50 адам, Ауғанстанның кейбір саясаткерлері мен бұрынғы шенеуніктерінен 150-ге жуық адам шақырылған. Отырысқа сонымен қатар америкалық және еуропалық бұрынғы дипломаттар да қатысуда.
Стратегиялық зерттеулер институты бұл кездесуге Талибан өкілдерін де шақырғанымен, бірақ олардың бір де бір өкілі кездесуге келмеген.
Осы институт конференцияны 2020 жылға дейін Ауғанстанның Герат қаласында 9 рет өткізді. Ауғанстанда Талибан билігі орнағаннан кейін институт Еуропаға көшті. «Герат қауіпсіздік диалогы» конференциясы осы елден тыс жерде, Тәжікстанның Душанбе қаласында екінші жыл қатарынан өтуде.
Тәжікстанда өтіп жатқан «Герат қауіпсіздік диалогы» отырысына қатысушылардың кейбіреуінің пікірінше «Герат қауіпсіздік диалогы» сияқты аймақтық кездесулер негізінен тиімсіз, тек қатысушылардың сөйлесіп, пікір білдіруіне ғана мүмкіндік береді.
Ауғанстанның бейбітшілігі мен тұрақтылығы мәселелеріне арналған Герат қауіпсіздік диалогының 11-ші кезеңі сейсенбіге дейін жалғасады.



















