19 ақпанда Анкарада Әзірбайжан Республикасының Президенті Илһам Әлиев пен Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоғанның қатысуымен екі ел арасында бірнеше келісімге қол қою рәсімі өтті.
Әзірбайжан Республикасының Президентінің ресми сайтындағы мәлімет бойынша «Әзірбайжан Республикасының Ғылым және білім министрлігі мен Түркия Республикасының Жоғары білім кеңесі арасындағы Түрік-Әзірбайжан университетін құру туралы өзара түсіністік туралы меморандумға», «Әзірбайжан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы ветеринария саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге», «Әзірбайжан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы табыс салығына қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы келісімге» қол қойылды.
Әзірбайжан Республикасының Президенті Илһам Әлиев 18 ақпанда Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоғанның шақыруымен Анкараға ресми сапармен келді.
Түркия Республикасы Президентінің Куллие сарайында 19 ақпанда Әзірбайжан Республикасының Президенті Илһам Әлиевті ресми қарсы алу рәсімі өтті.
19 ақпанда Анкарада Президент Илһам Әлиев пен Президент Режеп Тайып Ердоғанның алдымен жеке, кейін кеңейтілген құрамдағы кездесулері өтті.



















