Ресейдегі үш күнге созылған президенттік сайлауда Владимир Путин 87,32 пайыз дауыс жинап, алда келеді. Бұл туралы Ресейдің Орталық сайлау комиссиясы хабарлады.
Комиссияның хабарлауы бойынша, бүгін, 18 наурызда бюллетеньдердің 99,43 пайызы саналған. Нәтижесінде, қазіргі Ресей президенті Владимир Путин 87,32 пайыз дауыс жинады. Комиссия ақпаратына сүйенсек, шетелдерде Путин – 71,52 пайыз дауыс жинаған.
Ресейде өткен президенттік сайлау нәтижесіне Польша, Германия, Украина және Ұлыбритания елдері реакция білдірді. Польша Ресейде өткен президенттік сайлаудың еркін де, адал да өтпегенін жазса, Германия СІМ Х әлеуметтік желісінде Ресейдегі президенттік сайлау нәтижелері ешкімді таң қалдырмайтынын жазды.
Украина президенті Владимир Зеленский Путиннің елде мәңгілік билік еткісі келетінін жазып, Ресейдегі президенттік сайлаудың заңсыз өткенін атап өтті.
Ұлыбритания СІМ Х желісінде жазба жариялап, Украина аумағында сайлауды заңсыз өткізу арқылы Ресей бейбітшілікке мүдделі емес екенін білдіреді деген мәлімдеме жасады.
Владимир Путинді жеңісімен алғашқылардың бірі болып Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон құттықтады. Рахмонның айтуы бойынша, дауыс беру нәтижелері Путиннің саяси беделінің айқын дәлелі екенін көрсеткен.
Сонымен қатар, Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын Владимир Путинді президент лауазымына қайта сайлануымен құттықтап, жеделхат жолдады. Хатты Солтүстік Кореяның Мәскеудегі елшісі Син Хен Чхор Ресей СІМ-не табыстайды.
Айта кетейік, Владимир Путин биыл бесінші мәрте президенттік сайлауға қатысып отыр.



















