Иран Ислам Республикасының Өзбекстандағы елшісі Мохаммед Әли Искандари Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевпен кездесіп, сенім грамоталарын тапсырды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Мохаммед Әли Искандари шара барысында Өзбекстан президентіне Ибраһим Раисидің жылы лебізін жеткізді.
Шара барысында Шавкат Мирзиеев Өзбекстан мен Иран арасындағы қазіргі қарым-қатынастар бірнеше мың жылдық тарихи тамырлардан бастау алатынын атады. Өзбекстан президенті «Иран бүгінде экономикалық, мәдени және интеллектуалдық мүмкіндіктері бар қуатты ел. Соңғы жылдардағы жоғары деңгейдегі тарихи сапарлар және ынтымақтастықтың жаңа дәуірінде қол жеткізілген маңызды келісімдер екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайта бастады», деп атап өтті.
Мирзиеев сөзінің жалғасында: «Бүгінде барлық деңгейдегі өзара байланыстар бұрынғыға қарағанда әлдеқайда белсенді болды. Екіжақты тауар айналымының көлемі артып, бірлескен кәсіпорындардың саны 300-ге жетті», деп қосты.
Сонымен қатар Өзбекстан президенті екі ел арасындағы тауар айналымын жылына бір миллиард долларға ұлғайту үшін нақты жоспарлар мен Жол карталары жасалғанын қуаттады.
Мирзиеевтың айтуынша, Өзбекстан Иранмен тау-кен, энергетика, химия өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және фармацевтика салаларындағы ынтымақтастық аясын кеңейтуге мүдделі.
Өзбекстан президенті «Біз көлік дәліздері мен транзит саласындағы ынтымақтастық әлеуетін толық іске асыруды маңызды деп санаймыз», — деді.




















