Бүгін, бейсенбі күні Ыстамбұлда этноспорт мәдениетінің VI фестивалі басталады.
Еуразия Тудейдің Anadolu агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, дәстүрлі этноспорт фестивалі 6-9 маусым аралығында Ыстамбұлдағы Ататүрік атындағы әуежай аумағында өтеді.
Шараны Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясы ұйымдастырып отыр. Шараның мақсаты — ұлттық спорт пен ойындарды жаңғырту.
Фестивальге әлемнің отыз елінің өкілдері, оның ішінде Орталық және Батыс Азия елдерінен келген қонақтар қатысады.
Осымен 6-шы мәрте ұйымдастырылып отырған фестиваль бағдарламасында көкпар, күрес, жамбы ату, асық ойнау сияқты көшпенділердің ұлттық ойын түрлерінен жарыстар, сахналық қойылымдар мен концерттер және шеберлік сыныптар өтеді.
Сондай-ақ, іс-шараға қатысушылар түркі және басқа халықтардың әдет-ғұрыптарымен, олардың ұлттық тағамдарымен және дәстүрлі қолөнерімен танысады.
Шараны ұйымдастырушы Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының Бас хатшысы, Түркияның қазіргі президентінің ұлы Билал Ердоғанның мәліметінше, бұған дейінгі этноспорт мәдениетінің V фестиваліне келушілер саны миллион адамнан асқан.



















