Еуропалық Одақ пен Үндістан Еркін сауда туралы келісімге қол қойды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, келісім әлемдік экономиканың шамамен төрттен бір бөлігін және жаһандық сауданың үштен бірін қамтиды.
Үндістан — Брюссель осындай келісім жасаған Азиядағы Жапония мен Оңтүстік Кореядан кейінгі үшінші ел.
Үндістан мен Еуропалық Одақ Еркін сауда туралы келісімге шамамен жиырма жылға созылған күрделі келіссөздерден кейін қол жеткізіп отыр. Аталмыш құжатқа кеше, 27 қаңтар күні Нью-Дели қаласында Еуропалық Одақ басшылары Урсула фон дер Ляйен мен Антониу Коштаның сапары барысында қол қойылды.
Бұл келісім әлемдегі ең ірі еркін сауда аймақтарының бірін қалыптастырып, шамамен 2 миллиард халқы бар нарықты қамтиды. Сарапшылар Еуропалық Одақ пен Үндістан арасындағы бұл келісімді “ғасыр мәмілесі” деп атап отыр.
Тараптардың айтуы бойынша, тауарлардың барлық санаттарының 96 пайызы бойынша кедендік баж салығы толық жойылады немесе едәуір төмендетіледі. Еуропалық өндірушілер үшін бұл бұрын жабық болып келген Үндістан нарығына көптен күткен қолжетімділікті білдіреді. Атап айтқанда, еуропалық автокөліктерге салынатын баж салығы, бұрын 110 пайызға дейін жеткен болса, алдағы жылдары 10 пайызға дейін төмендейді. Брюссельдің мәліметінше, Еуропалық Одақ — Үндістанның ең ірі сауда серіктесі. Болжамдарға сәйкес, 2030 жылға қарай Үндістан Қытай мен АҚШ-тан кейін әлемдегі үшінші экономикаға айналады.



















