Сенбі күні кешке Таиландтан Мәскеуге қарай бағыт алған Falcon 10 ұшағымен байланыс үзіліп, оның апатқа ұшырағаны белгілі болды.
Ауғанстанның Pajhwok Afghan News агенттігінің хабарлауынша, 20 қаңтар күні түнде полицияға Ауғанстанның Бадахшан провинциясының тұрғындары құлаған ұшақ дыбысын естігендерін хабарлаған.
Апатқа ұшыраған Falcon 10 ұшағы «Атлетик Групп» және жеке тұлғаға тиесілі.
ТАСС агенттігінің мәліметінше, ұшақта экипаждың төрт мүшесі және екі жолаушы болған. Олардың екеуі Ресей азаматы.
Falcon 10 ұшағы Гая (Үндістан)-Ташкент (Өзбекстан)-Жуковский (Ресей) бағыты бойынша чартерлік санитарлық рейс атқарған.
Росавиацияның хабарлауы бойынша, ұшақтың бастапқы ұшу орны — Таиландтың Утапао әуежайы.
Қазіргі таңда апат орын алған жерге іздеу тобы жіберілген.
Өкінішке орай, экипаж мүшелері мен жолаушылардың жағдайы туралы ақпарат берілмеген. Олардың жағдайы енді Тәжікстанмен шекарадағы таулы ауданға құлаған ұшақ табылған кезде белгілі болады.




















