Ресей Президенті Владимир Путин мен Әзірбайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев Таулы Қарабақтағы жағдайға байланысты телефон арқылы сұхбаттасты.
Әзірбайжан тарапының бастамасымен болған бұл әңгіме барысында Қарабақтағы соғыс қимылдарын толық тоқтату туралы Ресей бітімгершілік контингентінің көмегімен қол жеткізілген келісімдерді дәйекті жүзеге асырудың маңыздылығы талқыланды.
Сондай-ақ Ильхам Әлиев 20 қыркүйекте Қарабақтағы ресейлік бітімгершілік контингентінің (РМК) әскери қызметшілерінің қайғылы қазасына байланысты көңіл айтты. Осы орайда екі елдің Бас прокуратуралары тығыз байланыста жұмыс жүргізетінін, Әзірбайжан мемлекетінің қаза тапқандардың отбасыларына қаржылай көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Өз кезегінде Ресей Президенті өңірдегі жағдайды одан әрі тұрақтандыру және гуманитарлық проблемаларды еңсеру бойынша басым қадамдар жөніндегі мәселелерді қозғады.
Ал Әзірбайжан тарапы осы мәселелер бойынша ресейлік бітімгершілік күштерімен өзара іс-қимыл жасауға дайын екендігін растады.
Еске сала кетсек, 19 қыркүйекте Әзірбайжан мемлекеті Таулы Қарабақ аймағында «терроризмге қарсы іс-шараларды» қолға алғанын мәлімдеді. Әзербайжан СІМ-і аймақтағы бейбітшілікке жетудің жалғыз жолы – Армения әскери күштерін Қарабақтан толық шығару және Степанакерттегі қатаң «режимді» құрту деп мәлімдеді.
Ал, 20 қыркүйек күні Таулы Қарабақ билігі атысты тоқтатып, Әзірбайжанды орталық атқарушы орган ретінде мойындайтынын мәлімдеді. Ал, кеше 21 қыркүйекте армяндықтар Таулы Қарабақ капитуляциясынан кейін Пашинянның биліктен кетуін талап етіп, наразылыққа шықты.



















