Әзербайжан астанасы Баку қаласында Қазақстан Республикасының Мәдениет күндері қарашаның 2, сенбі күні басталды.
Қазақстан мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, 2-5 желтоқсан аралығында Әзербайжан Республикасында Қазақстан Республикасының Мәдениет күндері өтеді.
Баку қаласында басталған іс-шаралар екі елдің халқын жақындастырып, олардың терең тарихы мен бай мәдениетін көрсетеді.
Мәдениет күндері аясында «HasSak» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің жеке концерті өтеді. Сондай-ақ, Баку қаласының тұрғындары мен қонақтары Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының «Қарагөз» қойылымын тамашалай алады.
Негізгі іс-шаралар 4 желтоқсанға жоспарланған. Бұл күні ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның қатысуымен Қазақстанның бейнелеу өнері көрмесінің ашылу салтанаты өтеді. Көрмеде әртүрлі жанрлар мен стильдерде жұмыс істейтін қазақстандық суретшілердің 46 бірегей туындысы қойылады.
Қылқалам шеберлерінің әрбір жұмысы – қазақ өнері мен мәдениетіне жаңаша көзқарасты көрсетеді.
Ал ертең, 5 желтоқсанда Мәдениет күндерін Қазақстан өнер майталмандарының гала-концерті қорытындылайды.
Айта кетсек, Әзербайжан президенті Илхам Әлиевтің Қазақстанға ресми сапары барысында екі елдің Мәдениет күндерін өткізу туралы келісімге қол қойылды. Соған сәйкес, Әзербайжанда Қазақстанның Мәдениет күндері басталды.
Сонымен қатар 2024 жылы Қазақстанда Әзербайжанның Мәдениет күндерін өткізу жоспарланып отыр.


















