Әзірбайжан астанасы Баку қаласында Өзбекстан сауда үйі ашылды.
Dunyo агенттігінің хабарлауынша, аталмыш сауда үйінің ашылу салтанатына Әзірбайжанның ресми, саяси және іскер топтары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Шараға қатысушылар сауда үйінің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде Өзбекстан мен Әзірбайжан арасындағы қарым-қатынастың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Өзбекстан сауда үйінің ашылуына шақырылған қонақтар 10-нан астам саланы, атап айтқанда, құрылыс, электротехника, фармацевтика, тоқыма, былғары, аяқ киім және басқа да өнімдер қамтитын көрме залымен танысты.
Сондай-ақ іс-шара барысында Әзірбайжан кәсіпкерлерінің экспорт пен бірлескен өндірісті қолдау мақсатында Өзбекстанға жұмыс сапары жоспарланғаны белгілі болды.
Айта кетсек, Өзбекстанның Әзірбайжандағы елшісі Бахром Ашрафхановтың айтуы бойынша, соңғы алты жылда екі ел арасындағы тауар айналымы тоғыз есе өсті. 2022 жылдың қорытындысы бойынша Өзбекстан мен Әзірбайжан арасындағы сауда көлемі өткен жылмен салыстырғанда 53 пайызға, ал 2023 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында 36,4 пайызға ұлғайды.



















