Иран президенті Ибраһим Раиси ресми сапармен Мәскеуге келді. Бұл туралы Ресейдегі Иран елшісі Казем Джалали мәлім етті.
Елшінің Х әлеуметтік желісіндегі жазбасында: «Иран президенті Ибраһим Раиси Мәскеуге РФ басшысы Владимир Путинмен кездесуге келді», — деді.
Ресейдегі ислам республикасының елшісі Казем Джалали атап өткендей, оқиғалар қарқынмен өзгеріп жатқан қазіргі жағдайда Иран басшысының сапары және Теһран мен Мәскеудің өзара әрекеттестігі «жаңа әлемдік тәртіпті қалыптастыруға маңызды үлес қосып отыр».
Сәрсенбі күні Кремльдің баспасөз қызметі мәлім еткендей, Путин мен Раисидің келіссөзі барысында сауда-экономикалық ықпалдастық, соның ішінде көлік және энергетика мәселелері талқыланады, сондай-ақ негізгі халықаралық және өңірлік тақырыптарға қатысты пікір алмасу болады.
Iran Press ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Ибраһим Раиси кеше Ресейге аттанбас бұрын Мехрабад әуежайында тілшілерге берген сұхбатында бұл сапар Путиннің шақыруымен аймақтағы маңызды мәселелерді талқылау және екі елдің түрлі салалардағы қарым-қатынасын кеңейту мақсатында жүзеге асырылғанын айтты.



















