Иран президенті Ибраһим Раиси желтоқсанның жетісі, бейсенбі күні таңертең елінің жоғары деңгейлі саяси-экономикалық делегациясын бастап, Ресей астанасы Мәскеуге аттанады.
Раиси біркүндік сапарында Путинмен кездесіп, екіжақты мәселелер, соның ішінде экономикалық өзара іс-қимылдар бойынша кеңеседі.
Сондай-ақ, аймақтық және халықаралық мәселелер, әсіресе Палестина мәселесі мен Газадағы оқиғалар бойынша да сұхбаттасады деп күтілуде.
Айта кетейік, Владимир Путиннің ресми шақыруымен бара жатқан Ибраһим Раисидің бұл жолғы сапары Иранның 13-ші үкіметінің басына келгеннен бергі Ресейге екінші сапары саналады.
Осы жылдың қыркүйек айында Ресей мен Иран президенттері телефон арқылы байланысып, ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелерін талқылаған болатын.



















